top of page

Мұқан Тұңғышбай Өміртайұлы

42.jpg

1946 жылы Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданының Калинин колхозында дүниеге келген. Ақтоғай селосындағы орта мектепті бітірген. 1970 жылы ҚарМПИ-ің (қазіргі Е.А.Бөкетов ат-ғы ҚарМУ) қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тамамдаған жоғары білімді мұғалім.

Еңбек өтілі 53 жыл. Еңбек жолын 1965 жылы туған ауылында мұғалім болып бастап, кейінде аудандық Пионер үйі мен комсомол комитетінде, мәдениет бөлімінің меңгерушісі және аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Педагогикалық өтілі 27 жыл, оның 15 жылында  аудандық КТУ директоры. Зейнеткерлікке шыққанан соңғы еңбек жолы аудандық музейде өтуде (директор, жауапты қызметкер).

Мәдениет үйіндегі режиссерлық кезінде өнерпаздар театрын құрып, оның халық театры атағын алуына, театрдың 2 дүркін республикалық байқаулардың лауреаты аталуына елеулі еңбек сіңірген  талант иесі. Аудандық «Тоқырауын толқындары» ансамбліне режиссерлық жасап, оның 1975 жылы халық  ансамблі атағын жеңіп алуына шығармашылық үлесін қосқан. 1977-1984 жылдары аудандық мәдениет бөлімін басқару кезеңінде ауылдық клуб жанынан мәдени комплекс ұйымдастырудағы нәтижелі де тиімді тәжірибелері республика көлеміне таратылған. 1983 жылы «Тоқырауын толқындары» ансамблін жаңа фольклорлық – этнографиялық  ансамбльге айналдырып, қазақ халқының тарихын таныту, өнерін асқақтатуға  айрықша мән берген. Ансамбьлдің  өркенді жетістіктері республикалық көлемде аталып, 1984 жылы Венгрия республикасында өткен КСРО мәдениеті мен өнерінің мерекесіне жолдама алып, көрермен тыңдаушыларын таңғалтқан.  Сарыарқа мәдени комплексі жанынан құрылған  ұлт аспаптар оркестріне халық оркестрі атағының берілуіне де режиссерлік үлесін қосқан.  Ауданның мәдениетін дамытуда  іскерлік, ұйымдасырушылық қабылетімен  танылған.

1992-1994 жылдары аудан әкімінің орынбасары болып, Алаш қайраткерлерінің есімдерін жаңғыртуда,  бабалар рухтарын ұлықтауда жаңа қадамдар жасап , рухани мәдени шаралардың ұйымдастырушысы болған.

1994-2008 жылдары аудандық Кәсіптік техникалық училищенің директоры болып өтпелі кезеңде училищенің базасын сақтап қалып,оның жанынан тері өңдеу цехын, шағын наубайхана ашып, өндірістік оқу бағдарламасына енгіздірткен. 1997 жылдары басталған дағдарыс кезінде жабылғалы тұрған аудандық спорт мектебі мен орталық интернатты училищенің құрамына қосқызып, қысқартудан сақтап қалған. Училищенің оқу-өндірістік шаруашылығының жер көлемін кеңіттіріп, бұлақ суынан тоғанмен суармалы егістік жасаттырып гектарынан 18 центнерге дейін өнім алуға қол жеткіздірткен. Теміртау қаласындағы жетім балалар үйінен 18 тәрбиеленуші балаларды алғызып, училищеде оқыттырып, мамандық алуларына мүмкіндік туғызған. Училище шәкірттерінен «Тоқырауын түлектері»  атты ансамбль құрғызып, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығында Үнді елінің астанасы Делиде өткен халықаралық фестивальға апарып өнерін тамашалаттырған.

2008-20014 жылдары аудандық музейге жетекшілік жасап, музейді ұлттық мұралардың тарихи мекеніне айналдыруға шығармашылық үлесін қосып, «Ел тарихы - рухани қазына», «Ақтоғай өнерінің шамшырақтары», «Алаштың Әлиханы» деректі танымдық кітаптары  жарық көрген. Ауданның энциклопедиясын құрастырып шығарған.

Аудан тарихы туралы Республикалық, облыстық баспасөз беттерінде материалдары жиі жарияланған. «Хабар» телеарнасының «Өмір жолы» бағдарламасы бойынша ауданда туған Алаш қайраткерлері мен өнер тарландары туралы деректі телефильмдердің сценарийлерін жазып тусіртуді ұйымдастырған.

Ауданның қоғамдық саяси өміріне белсене араласқан. Бастауыш партия, кәсіподақ ұйымдарының жетекшісі, Нұр Отан партиясы аудандық бөлімшесінің партиялық бақылау комиссиясының, партияның сайлау алды штабының төрағасы, Халықаралық Қазақ тілі қоғамы аудандық бөлімшесінің төрағасы міндеттерін қоғамдық негізде атқарған. Әр жылдарда ауылдық, аудандық, облыстық кеңестерге депутат болып сайланған.

 «Құрмет белгісі» орденімен, ВДНХ-ның қола медалімен, «ҚР білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен, «Қазақстан конститутциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Бүкілодақтық, Республикалық байқаулардың лауреаттары  атанған.

«Ақтоғай археологиялық-этнографиялық мұражайы», «Ел тарихы – рухани қазына», «Ақтоғай өнерінің шамшырақтары», «Алаштың Әлиханы», «Ақтоғай жер-су атаулары» атты кітаптары жарық көрген. «Ақтоғай энциклопедиясын» жинақтап жазып, құрастырушы, бас авторы.

bottom of page