Журналист Оралбек Жүнісұлы 1954 жылы 10 қаңтарда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы Ақсораң шыңының етегіндегі Шабанбай би ауылында дүниеге келген.
Журналистік еңбек жолын 1974 жылы Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінде бастаған. Республикалық «Ауыл» газетінің Қарағанды, Жезқазған облыстарындағы меншікті тілшісі, Приозерный аудандық «Ленин жолы», «Ленинский путь» газеттерінің бөлім меңгерушісі, Балқаш қалалық «Балқаш өңірі», «Сырлас» газеттерінің бас редакторы болып жемісті қызмет атқарды. Балқаш қалалық телестудиясында да еңбек еткен. Жалпы, журналистика саласында 43 жылдан астам үзіліссіз еңбек етіп келеді. «Сағынатын күн туар», «Бұғылы мен Тағылының текті ұлы»,«Қыстың ұзақ таңы атты», «Мені есіңе ала жүр», «Шаңқай түс», «Алма ағашы гүлдегенде», «Алтын аймақтың адамдары», «Жұлдыздар із тастап ағады», «Ел мен жер», тағы басқа кітаптары жарық көрген.
1992 жылдан бері Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Қазақстан Журналистер Одағының арнайы дипломымен, Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері.
1997 жылы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Балқаш қаласындағы меншікті тілшісі.
2001 жылдан бастап, «Орталық Қазақстан» газетінің Балқаш, Ақтоғай, Шет, Приозерск аймағындағы меншікті тілшісі.
Қазақстан тәуелсіздігінің өсу, өркендеу, дамуына Балқаш, Приозерск қалаларының, Ақтоғай, Шет өңірі адамдары да айтарлықтай үлес қосып келеді. Журналистің аталған кітаптарында осы өңірлердегі сан-салалы мамандық иелерінің қажырлы еңбектері көркем тілмен баяндалған. Халықтың рухани мәдениетін көтеруге қалам қайратымен ат салысып жүр.
О.Жүнісұлы ҚР-сы Мәдениет саласының үздігі, «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері,сондай-ақ жас ұрпақ тәрбиелеудегі ұстаздар еңбегін көрсеткені үшін ҚР-сы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған.
Ал,2016 жылы ҚР-сы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Отбасылы, немерелері өсіп келеді.
Әдебиеттер тізімі
1. О. Жүнісұлы . Мені есіңе ала жүр. Караганда,2005г.-208 стр. АО «Карагандинская Полтграфия » 2005 г.
2. О. Жүнісұлы. Алтын аймақтың адамдары.-Қарағанды, 2006-144 бет. «Қарағанды Полиграфиясы» АҚ. 2006 ж.
3. О. Жүнісұлы. «Қыстың ұзақ таңы атты» Қарағанды қаласы. Қарғанды Полиграфиясы ААҚ 2002 жыл.
Comments