top of page

   Дәртай Садуақасов

  Осы жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Дәртай Мұқатайұлы Садуақасов ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды.

   Дәртай Мұқатайұлы 1937 жылы 22-қазанда Ақтоғай селосында туған. 1957 жылы өмірінің соңына дейін Ақтоғай аудандық мәдениет бөлімінде қызмет істеді. 1958 жылы Қарағанды 9 айлық баянистер курсын тәмамдап, бүкіл саналы ғұмырын халқына қызмет етуге, өнерге арнады. Ол жан дүниесімен халықтық өнерге берілген тума талант болатын. Ұзақ жылдар бойы аудан еңбеккерлерін әнмен әлдилеген, жерлестерін тамаша туындылармен сүйсіндірген, аудан өнерпаздарын республикалық, облыстық конкурстар мен байқауларға талай рет дайындап, жүлделі орындардан көрінуіне өлшеусіз еңбек сіңірген, елдің алғысына бөленген азамат еді.

  Ол құймақұлақ дарынды музыканттығына қоса, талантты композитор да болатын. "Жаса-жаса Шопан ата", "Екінші тыңның ерлері", "Мектеп бітірушілер вальсі", "Толқиды Тоқырауын толқындары", "Тентек қара", "Ән-Азамат", "Шашу", "Қазақстан-Үндістан", "Жеңіс тобы" әндері Ақтоғай өңірінде, одан тысқары жерлерде жиі айтылады. "Ақтоғай - алтын бесігім" әні оның шығармашылығының шыңы саналады. Бұл ән Ақтоғай ауданының әнұраны іспетті.

Дәртай Садуақасов 50 жылдан астам мәдениет саласында жемісті еңбек етті . Әсіресе "Тоқырауын толқыны" халықтық -этнографиялық ән-би ансамблін құрып, қалыптастыруға, оның қазақ өнерін Ресейге, Венгрияға, Үндістанға паш етуге сіңірген еңбегі орасан зор.

   Өнер жолындағы еңбегі бағаланып, "Құрмет белгісі" орденімен, "Еңбектегі ерлігі үшін" медалімен екі мәрте марапатталады. "Үздік мәдениет қызметкері" белгісіне екі рет ие болды. Оның жүздеген шәкірттері кең байтақ респубикамыздың түпкір - түпкірінде жемісті еңбек етіп жүр.

Ол - үлгілі ұстаз, тамаша тәрбиеші, отбасының ұлағатты басшысы еді. Тамаша азамат, өрелі өнерпаз Дәртай Мұқатайұлының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ сақталады.

                                                                                                                 Қарағанды облыстық мәдениет департаментінің облыстық мәдени

                                                                                                                 сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы.

Хош, Дәртай!

Қайырылмай барасың ба?

Туған жұрт-Тоқырауын жағасында:

Көңілдің сол еді ғой - сарасында,

Көзінің сол еді ғой - қарасында.

 

Алашта,

Адамзаттың баласында, -

Ақтоғай -алтын бесік,

Дара - осында;

 

Паш етіп атын да Алты Алашаыңа, -

Алдың ба жүрегіңе нәрін құйып,

Салдың ба сырнайыңның сағасына;

 

Опасыз уақыт оған қарасын ба:

Сен-кеттің,

Қайран халқың қалды боздап,

Ақсораң -Шатыршаның арасында...

Ақтоғай -Дәртай, Дәртай - Ақтоғай еді

 

Көзі тірісінде туған елі мен жерінің лақап атына айналып кететін адамдар болған. Соның бірі -хәм бірегейі осы Дәртай ағатайым еді.

Ақтоғай -Дәртай, Дәртай-Ақтоғай еді!

Ақсораң, Жыланды, Шатыршаны мекендеген ұлттық рухы биік, қазақи болмысы бөлек жұрттың елден ерекше бейнесі "Ақтоғай -алтын бесігім" әніне айналып, Алаштың аспанына қанат қағып барады!

Ақсораңның өкпе тұсында алтынның сынығы, Алаштың тұнығы Төретам тұр. Бұл -Әлихан Бөкейханның ата-бабасы жерленген жер, кілең алқара-көк бекзаттың бесігі. Бірақ, сол жерден Алаш ксемінің өзіне бір уыс топырақ бұйырған жоқ...

Сол Әлиханның арман ойы Дәртайдың әніне айналып кетті!

Ақтоғайдың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін егіліп ән салатыны -содан!

Ол әннің басы бар да, соңы жоқ.

Дәртайдың салған әні Әлдиханның әні еді.

Күләш та гәккулетіп соны шырқады.

Мағауия Хамзин оны домбыраның шанағына салып ойнады.

Менің де жазып жүргенім соның жыры болатын.

Ақтоғай- табаны жерде тұрғанда, табжылмай тұғын Антейдей -сол әнді шырқай береді мәңгі!

Бүгін Шатырша күңіреніп тұр!

Қош Дәртай аға!

Әлихан, Күләш, Мағауия... Сен бармаған Жұмаққа Кім барады?!

Қош!

Серік Ақсұңқарұлы

bottom of page