Ел келешегі, ұлт болашағына ақыл- сана, қабілет- қарымы, ерен еңбексүйгіштік қасиеттерімен үлес қосып жүрген атпал азаматтар қатарында елім дейтін ерен азамат Алтынбеков Бекзат Қомарұлының ірі істердің уығын қадап, керегесін кеңейтіп, шаңырағын көтерген дарабоз дархандығымен аймағымызға танылған танымал кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаты, «Білім меценаты-2012» күміс белгісінің иегері.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтың қиындығы мен қуанышы қатар өрбитін өмір жолына көз жіберсек, еңбекпен есейіп, өрістеген жылдар тізбегі елес береді. Еңбексүйгіштік адамның адамдық қасиетінің негізгі өлшемі екендігін ерте пайымдаған жеткіншек еңбекке де ерте араласты. Қарапайым еңбек жолынан мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқара жүріп, жаңалыққа ұмтылып, ізденуден танбады. Жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен, біліктілігімен жан-жағына танылған жігітке басшылық тізгіні жауапкершілігіне сеніп тапсырылды. Білім саласына жаңа өзгерістер еніп, мамандар қажеттілігі туындап жатқан шақта Бекзат Қомарұлы орта буын құқық саласының мамандарын даярлайтын оқу орнына басшылық жасады.
Ел экономикасының өркендеуі де, алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына кіру - еліміздегі білім сапасына да байланысты. Қазақстандық ұмтылыс, толыққанды білім мен сапалы өнімнің түкпірінде Отанға деген үлкен сүйіспеншілік пен құрмет, ар-намыста жатыр. Намысты қолдан бермейтін, сенімін серік еткен, жеткен биіктен әрі асуды көздейтін ел азаматы.
Жас өркеннің рухани болмысы мен азаматтық бейнесін қалыптастыруда ұлттық мәдениеттен қол үзбей отырып, өнер-білім машықтарын, білім арқылы халықтық тәлім-тәрбиені меңгерту, халықтың бай тарихи тәжірибесіне сүйеніп, келер ұрпақты еңбекке, кәсіпке үйрету, әлемдік білім кеңістігінде елдің намысын жоғары қоя білуге баулу – оқу орнының құрылтайшысы ретінде биік мақсаты.
2004 жылы ол адам баласының ортақ қазынасы- ілім-білімді өркендету, білім бағытындағы тың жаңалықтарды өңірімізде өрге тарту, жергілікті жастардың өз туған жерінде жоғары білім алуына жағдай жасау мақсатында Қазақ қатынас жолдары университетінің жанындағы «Кәсіптік бағдар және қашықтықтан оқыту орталығын» ашты. Ғылым жемісі халық игілігі үшін екендігін түйсінген ізденімпаз азамат ұйымдастыру-басшылық қызметін ғылыми-зерттеу жұмыстарымен ұштастырды: 2006 жылы «Қазақстанның ауыл-шаруашылық интеллигенциясы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атанды. Үздіксіз білім алу және биік мақсаттарға ұмтылысы арқасында ол 2007 жылы Е. Букетов атындағы КарМУ-дың заң факультетін бітіріп, екінші жоғары білімді иеленді.
Басқалар үшін жарық сәуле болу, нұр шашуды азаматтық борышы санайтын Бекзат Қомарұлының әр жылы, әр кезеңі ізденістен, жақсылық жасаудан тұрады.
2005 жылдан жеке кәсіпкерлікті қолға алған Бекзат Қомарұлы білім саласындағы игілікті істеріне, бай тәжірибесіне сүйеніп, өңір жастарының туған жерінде білім алуына мүмкіндік жасап, өлкемізді өркендетуге күш-жігерін жұмсайтын құзыретті маман болып қалыптасса деген мақсатпен 2009 жылы Жезқазған Бизнес және көлік колледжін ашып, оның құрылтайшысы болып танылды. Өмір жолының сан қырлы соқпағында ұлағатты мақсатты межелеп, сол мақсат үшін білік-білімін арнап жүрген мақсатшыл азаматтың көрегенділігін паш еткендей, «Жезқазған, Сәтбаев қалалары, Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2015-2017ж. арналған кешенді бағдарламасы» бойынша дені теміржол мамандарын даярлайтын колледждің түлектері «Жезқазған-Бейнеу, «Шұбаркөл- Арқалық» теміржолдарының құрылысына маман болып араласып та кетті.
Келешекте техника тетігін игерген, бизнес ісін меңгерген білікті, білімді мамандарымен кемелденген мемлекет болуға қосар өз үлесі бар кәсіптік – техникалық мамандар даярлау ісіне қолдау көрсету де зор іскерлікті талап етеді. Сондықтан елімізде жүзеге асырылып жатқан үдемелі инновациялық – индустриялық даму бағдарламасының жүзеге асуына үлес қосу, осы заманғы сұранысқа сай білікті мамандар дайындап шығару- алға қойған негізгі басты мақсатының маңыздысы. Бекзат Қомарұлы қазақ жастарының білімін халқына арнағанын, жаңа, жоғары технологияларды игергенін, жоғары мәдени деңгей, рухани байлық, отаншылдық қасиеттер ел өмірінде, біздің өмірімізде көрініс тапқанын қалайтын отаншыл азамат.
Бекзат Қомарұлы қалалық, облыстық, республикалық деңгейде өтіп жататын игі іс-шаралардың ұйытқысы. Бүгінде білім саласының мемлекеттік саясатын қолдау, талантты балалар мен жастарды қолдау, жетім балалар мен көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету бағытында тұрақты және ұзақ түрде демеушілік көрсетіп келеді. Ол білімдегі біліктілігі, ғылымдағы жетістігі, құзіреттілік белсенділігі озық оқушыларға мемлекет және қоғам қайраткері «Д. Қонаев атындағы», халық ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагерлері «Қ. Шыңғысов атындағы», «Ш. Бейсембекова атындағы», оқу ісінің үздігі «А.Асанова атындағы», педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, доцент «С. Жумкина атындағы», «Құрметті теміржолшы» атағының иегері «Ш. Бекмағамбетов атындағы» дәстүрлі атаулы шәкіртақылар тағайындап, дәстүрлі түрде жыл сайын табыстайды. Бірнеше жылдан бері Сәтбаев және Жезқазған қалаларының «Үміт», «Мерей» балалар үйлеріне тұрақты демеу көрсетуде. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының тұрақты демеушісі. Құрылтайшы ретінде оқушылар мен студенттерге бірнеше білім гранты мен 50 пайыздық жеңілдіктер тағайындаған. Жыл сайын колледж оқытушыларына, жас мамандарға көтермеақы, жоғары нәтиже көрсеткен оқытушыларға үстемақы тағайындайды.
Өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін, кез келген іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын білікті де білімді басшының ұйымдастырушылық қабілеті, ұстаздық шеберлігі бүгінгі заманның талабына сай ашылған оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту, маман кадрлармен толықтыру, оқу-тәрбие жұмыстарын талапқа сай ұйымдастыру, жаңа технологиялық үрдістерді енгізу және студенттердің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.
Бекзат Қомарұлының азаматтық ұстанымы - іскерлігін,білім-білігін халқының жақсы тұрмыс құру жолына арнау.
Бекзат Қомарұлы - игілікті ісімен еліне танылған, қайырымдылық пен қамқорлықтың орасан үлгісін көрсетіп, ұлт болашағының өркендеуіне үлес қосып жүрген жүрген азамат.
Қарапайым қазақ отбасында, ұлтымыздың парасатты ұрпағы болып тәрбиеленіп, отбасына, туған жеріне деген зор құрметі өз ұлтына, мемлекетке деген патриоттық сезіміне ұласқан азамат Бекзат Қомарұлы үшін еңбегінің ел кәдесіне жарағанын сезіну- үлкен бақыт.
Comments