top of page
Ақсораң жобасы

Ғылыми еңбектері, баяндамалары

ЖАСТАРҒА ТИІМДІ БІЛІМ БЕРУ ЖОЛДАРЫ.

Б.А.Алтынбеков

(Жезқазған қ. Қашықтықтан оқыту орталығы)



Бүгінгі таңда қоғамда орын алып отырған әлеуметтік жаңғырту үдерістері шеңберіндегі маңызды міндеттердің бірі- жастар мәселесі, оның ішінде оларға қолжетімді сапалы білім алуға мемлекеттік және қоғамдық, жекеменшіктік білім беру мекемелері тарапынантолыққанды жағдай жасау болып табылады.

Бәсекеге қабілетті, әлеуеті зор, экономикасы қуатты дамыған елдердің қатарына кіру басымды бағытын ұстанған біздің жас мемлекетіміз үшін адами капиталдың сапалы өсуіне, әсіресе, еліміздің ертеңгі болашағын құрайтын жас азаматтарымызға сапалы білім берудің барлық тиімді тетіктері мен технологияларын дамыту- бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда.

Осыған орай, мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында «Жергілікті тұрғын жерлердегі, әсіресе, ауылдық жерлерден және аз қамтылған отбасылардан шыққан жастарға білім берудің қолжетімділігінкеңейту» қажеттілігі мәселесін жүйелі шешуді тапсырғаны баршаға мәлім.

Толық шешілмей жатқан жастар мәселесі туралы Елбасымыз «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20қадам» атты тұжырымдамалық бағдарламасында да «Жастардың едәуір бөлігінің әлеуметтік инфантилизіміне,яғни, ересек жеке өмірге дұрыс бағытта бейімделе алмауына ұрындыруда.Соның нәтижесінде діни секталардың, экстремистердің, қылмыстық топтардың оңай олжасына айналып жатқан жастар қатары азаймай тұрғанын, ащы да болса шыңдық екенін атап көрсетті.

Иә, бүгінде еліміздің түпкір-түпкірінде жастарға байланысты әлі де шешілмей жатқан өзекті өткір мәселелер баршылық, ол тікелей жастарымызға тиянақты тәлім-тәрбие, олардың ерекшеліктері мен қабілеттеріне сәйкес қолжетімді сапалы білім беру, мамандықпен және еңбекпен қамтамасыз ету проблемалары.

Орташа үлгерімдегі біліммен негізгі және орта мектеп бітіруші жастар саны жыл сайын артуда. Нарық қоғамының талаптарына сәйкес жоғары және арнайы кәсіптік білім мекемелеріндегі оқу ақылы, оны кез-келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Осы және тағы да басқа әлеуметтік-тұрмыстық себептермен түлектер қалаған оқуларына қол жеткізе алмай қалады. Оқиын десе қаржы тапшы, арнайы білімсіз жұмыс та жоқ. Жоғарыда аталған күрделі мәселелердің күрмеуі де осында жатқан тәрізді. Ал қалталы азаматтардың жоғары білім алған балаларының да біразы дипломы бойынша жұмысқа орналаса алмай,сергелдеңге түсетіні тағы бар. Оның себебі, жас азаматтардың мамандық таңдауы нарық сұранысына, қоғам сұранысына сәйкес келмей жатады. Мұны мемлекет тарапынан реттейтін механизм әлі де жетілмеген. «Дипломмен ауылға» Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде біраз шаруалар атқарылып жатқаны да рас. Бірақ, шет елді айтпағанда, еліміздің үлкен қалаларында жоғары білім алған жас мамандарымыз ауыл түгілі, шағын қалаларға да тұрақтамайтыны ақиқат болып отыр.Сонда ауылды кім көтереді, өндірісі бар шағын қалаларды кім көркейтеді?! Әлеуметтік-тұрмыстық қайшылықтар салдарынан жастардың өзін-өзі анықтауда жергілікті жерлерде қордаланып жатқан түрлі мәселелер де азаймай тұр.

Осындай мәселелерді бірден болмаса да, біртіндеп шешуді Жезқазған қаласындағы алғаш Қазақ Қатынас Жолдар Университеті филиалы болып құрылған, ал 2009 ж. бастап аталмыш Университеттің Жезқазғандағы қашықтықтан оқыту және кәсіби бағдарлау орталығы іске асыруда.

Қашықтықтан оқыту-қысқа мерзімде кәсіптік мамандық бойынша жедел білім алуға бағытталған тиімді және қолжетімді тұтынушылар сұранысына ие болған оқыту технологияларының бірі. Жезқазған аймағындағы көптеген жастар білімге қолжетімділік бағытын ұстанған заманауи технологиясының көмегімен ақпараттық-коммуникациялық жүйесі, интернет мүмкіндіктері арқылы алыс қалаларға білім үшін аттанбай-ақ, артық шығынсыз өз жерінде еңбектен қол үзбей жүріп, сұранысқа ие 16 мамандықтар бойынша өз бетімен білім алуда. «Дизайн», «Маркетинг», «Қаржы», «Менеджмент», «Коммуникация», «Көлік», «Құрылыс» т.б. қоғамға қажетті мамандықтар бойынша бұл орталықтан бүгінде 2000-нан астам мамандар шығарылса, 1000-ға жуық студент екінші жоғары білім алумен қатар түрлі салада еңбек етуде.

Орталық жоғары білім беру мәселесімен шектелмей жастарға мақсатты кәсіби бағдарлау бойынша ауқымды істер атқаруда.Мысалы, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының мектептерімен және Талап елді мекенінде орналасқан шалғай ауыл балаларын қамтитын ресурстық білім беру орталығымен келісімшарт негізінде әлеуметтік әріптестік орнатылды.Сол шеңберде арнайы пән оқытушылары «Кәсіптану» курсы бойынша мектептерде 9-10сынып оқушыларымен дәрістер, интерактивтік сабақтар өткізуде.Білім беру жүйесіндегі орта және негізгі мектептерде кәсіби бағдарлау жұмысы өз мәнінде емес. Соның нәтижесінде жастарымыз сұранысқа ие емес мамандықтарға талпынады.Ал арнайы курстың мақсаты- аймаққа қажетті әр мамандықтың болашағы туралы толыққанды мағлұматтар беру,яғни, мамандықты дұрыс таңдауға жастарға дер кезінде бағыт- бағдар жасау.

Аталмыш қашықтықтанбілім беру орталығымен сабақтастықтағы менің құрылтайшылығыммен 2009ж.бастап «Жезқазған Бизнес және көлік колледжі» жекеменшік сипаттағы кәсіптік –техникалық білім беру мекемесі қызметін бастады. Ол негізгі және орта білімді жастарға күндізгі және сырттай оқыту нысандары бойынша білім беруде. Колледжде бизнес, туризм, коммуникация, байланыс, теміржол, автокөлік салаларының 13 мамандығы бойынша 1500-нан астам студент арнайы кәсіптік-техникалық білім алуда.Аймақтағы өндіріс орындарына білікті мамандар даярлау арқылы жастарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері де қоса шешілуде.

Колледждегі оқу ақысының төмен және қолайлы төлеу жүйесі, оқу үздіктеріне, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне және шалғай ауданынан келген білімпаз талапкерлер үшін «Зиялы ұлт болашағы» атты әлеуметтік-инновациялық жоба шеңберіндегі білім гранттары, туған жерінен алыстамай қолжетімді білім алу, жұмыспен қамтылу мүмкіндігі және үздіксіз білім жүйесінде өз мамандығы бойынша қашықтықтан оқу арқылы жоғары біліммен жалғастыру мүмкіндіктері т.б. Бұл іс жүзіндегі нақты қадамдар жастарға жасалып жатқан қамқорлық деп айтуға толық негіз бар.

Колледждің білім беру қызметі сапа менеджмент жүйесіне енгізілуде,білім сапасын арттыру мақсатында Қазақ Қатынас Жолдар Университетімен контрактылық негізде теміржол мамандығы бойынша бірнеше ғылым кандидаттары шақырылып, студенттерімізге жоғары дәрежедегі дәрістер беруде.

Колледждің алғашқы күндізгі оқыту бөлімінен- 63, сырттай оқыту бөлімінен -248 алғашқы түлек «Жезқазған, Сәтбаев қалалары, Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2015-2017ж. арналған кешенді бағдарламасын» іске асыруда өз үлестерін қосып, түрлі нысандарда еңбек етуде.

Жастар біліміне байланысты тағы бір мәселе-жоғары немесе арнайы білім алған түлектердің біразы еңбек өміріне икемсіз, дайындық сапасы төмендей бастағаны шыңдық.Мұның басты себебі-оқу үдерісі мен өндіріс нысандарының ортақ мүддеде тығыз іскери байланыспай, алшақтауында. Бүгінде теориялық білімді жүйелі тәжірибемен бекіту өзектілігі айқындалып отыр. Жастарға тиімді білім беру мәселелерінің оңтайлы шешу әдістерінің бірі- дуальдық оқыту жүйесі. Инновациялық сипаттағы аталмыш оқытудың тиімділігі сол-кәсіптік оқу үдерісінің жартысынан көбі оқу мекемесінде емес, кәсіпорында өтеді. Бұл жүйе, әсіресе, жұмыскер жастар үшін өте қолайлы. «Жезқазған Бизнес және көлік колледжі»үстіміздегі жылдан бастап тағы бір мамандық бойынша лицензияланды.Ол «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу» мамандығы бойынша «Модельер-құрастырушы», «Техник-технолог» жұмыскер жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қамтамасыз ететін болады.Осы мақсатта Жезқазған қаласындағы «Ютария LTD» кәсіпорынымен меморандум жасалуда.Келесі оқу жылынан бастап дуальдық оқыту форматында жұмысшы жастарды оқыту басталады.

Қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлттық және әлемдік жетістіктерді қамтуға бәсекеге қабілетті,білімді,құзырлы тұлғаларды қалыптастырусыз кемелденген өркениетті өрісті мемлекет болу мүмкін емес. «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан шығар?!», деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, тәуелсіз еліміздің ертеңгі келешегі-білімді жастар. Олай болса, техника тетігін меңгерген, білікті мамандарымен кемелденген, мемлекет болуға өзіндік үлесі бар, кәсіптік-техникалық жоғары және арнайы орта дәрежедегі мамандар даярлау ісіне және жалпы соңғы уақытта күрделеніп бара жатқан жастар мәселесін іс жүзінде оңтайлы шешуге мемлекет тарапынан үлкен мән беріліп, уақытылы қолдау көрсетіліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Кемел келешекке - көшбасшылық

Қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлттық және әлемдік жетістіктерді қабылдау мен дамытуға қабілетті, құзырлы тұлғаны қалыптастырусыз дамыған, кемелденген мемлекет болу мүмкін емес. Келешекте техника тетігін игерген, бизнес ісін меңгерген білікті, білімді мамандарымен кемелденген мемлекет болуға қосар өз үлесі бар кәсіптік – техникалық мамандар даярлау ісіне мемлекет тарапынан үлкен мән беріліп, қолдау көрсетілуде. Елбасымыз Н. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз» деп бұл саланы дамыту – заман талабы екендігін атап көрсеткен болатын. Жыл сайын кәсіптік мамандық иелеріне сұраныс артуда. Осы сұраныстың орнын толтыру мақсатында 2009 жылы құрылып, жұмыс жасап келе жатқан колледжіміз аймақтағы бәсекеге қабілетті, қазіргі заман талаптарына сай кәсіптік білім беретін оқу орындарының бірі болып отыр.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан үдемелі инновациялық – индустриялық даму бағдарламасының жүзеге асуына үлес қосу, осы заманғы сұранысқа сай білікті мамандар дайындап шығару - біздің алға қойған негізгі басты мақсатымыз. Білім белесі мен өнер додасында өзіндік бағытымызды айқындап алғандықтан бүгінгі жасалып жатқан игі істеріміз бен ертеңге сеніміміз нық.

Колледжде 11 мамандық бойынша кең ауқымды кәсіби мамандар даярланады. Олар: «Қонақ үй шаруашылығына қызмет көрсетуді ұйымдастыру», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Туризм», «Теміржол көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру және басқару», «Теміржол жылжымалы құрамдарын пайдалану және техникалық қызмет көрсету», «Автоматтандыру және басқару», «Радиоэлектроника және байланыс», «Автокөлікті жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету», «Экономика», «Қаржы», «Құқықтану» мамандықтары. Бүгінгі таңда осы мамандықтар бойынша мыңнан аса студент білім алуда. Колледждің оқытушылар құрамы жылдан жылға ғылым кандидаттары, магистранттар мен білім үздіктері, «жоғарғы» санатты білікті, білімді ұстаздармен толықтырылуда. Оқытушылар қатары 2010-2011 оқу жылында жас мамандармен толықты. Оларға ақшалай көтерме көмек көрсетіліп, кафедралардың ұйымдастыруымен жүйелі семинар- тренингтер өткізіліп отырды. Біздің оқу орнымыздағы тағы бір жақсы нышан - жыл сайын оқытушылар құрылтайшының есебінен әр демалыс маусымында қаламыздағы емдеу-сауықтыру мекемесінде тегін демалуға мүмкіндік алған.

Қазіргі білім ошақтары инновациялық процесс сатысынан өтпей дамуы мүмкін емес. Сондықтан оқытушылардың құзіреттілігін арттыру мақсатында қашықтықтан оқыту арқылы Он-лайн режиміндегі курстарда оқуына, ұжым оқытушыларының ақпараттық құзырлығын, білімін жетілдіруге мүмкіндік берілді. Колледжіміз республикалық оқытушылардың біліктілігін арттыру институтымен байланыс жасап, республика бойынша Он-лайн режимінде курстан өткен тұңғыш колледж. Қазіргі таңда осы институттың базалық оқу орны болып отырмыз. Институт оқытушыларымен тығыз байланыста бірлесе отырып, электронды оқулықтар, бағдарламалар, контенттер жасалуда.

Колледжімізде материалдық-техникалық базаны нығайту, маман кадрлармен толықтыру, оқу-тәрбие жұмыстарын талапқа сай ұйымдастыру, жаңа технологиялық үрдістерді енгізу және студенттердің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған біршама жұмыстар атқарылды. 20 дәрісхана, интернет жүйесіне қосылған компьютерлік сыныптар, ғылыми және оқу-әдістемелік , электрондық оқу құралдармен жабдықталған кітапхана жұмыс жасайды. Оқу дәрісханалары мен арнайы пәндер кабинеттері көрнекі құралдармен толықтырылып, студенттердің қауіпсіздігі, сабақ үрдісінің жүйелі жүргізілуі мақсатында әр дәрісхана мен аулаға бақылау камералары орнатылған. Студенттер үшін 70 орындық «Көркем» студенттер кафесі жұмыс істейді.

Болашақ жас мамандардың еңбек нарығында шыңдалып, жұмыс табуына мүмкіндік беру, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі қиындық тудырмауы үшін қаламыздағы ірі-ірі мекемелермен келісімшартқа отырдық. Студенттер Жезқазған қалалық соты, «Қазақмыс» корпорациясы, «Центр Кредит» , «БТА Банк», «Промтранс менеджмент» ЖШС, АО «Жайрем ГОК», Қазақстан теміржолының Қарағанды бөлімшесімен, Жезқазған теміржол кешені, ТО «Марал -Нұр», «Керуен» тойханасы, қонақ үй, қалалық тарихи-археологиялық мұражайы, Жезқазған қаласының юстициясы, Халыққа қызмет көрсету орталығы базаларында өндірістік тәжірибеден өтеді.

Студенттер мен оқытушылардың жеке шығармашылық, ғылыми жұмыстармен айналысып, республикалық, облыстық, қалалық конференцияларға қатысуына толық мүмкіндіктер берілген. Соның бір айғағы, республикалық оқытушылардың білімін жетілдіру институтының 45 жылдығына орай Алматы қаласында өткен «Білім беруді жаңарту жағдайында біліктілікті арттырудың болашағы» атты халықаралық конференцияға қатысқан колледж оқытушылары Э.Ғ.Мұхамединаның «Колледж оқытушыларын қашықтықтан оқыту арқылы біліктілігін арттыру жолдары», Ш. А. Серікбаеваның «Ақпараттық коммуникациялық технологиялардың құзіреттілікті қалыптастырудағы маңыздылығы» тақырыптарындағы ғылыми баяндамалары жоғары бағаланды. Биылғы оқу жылында Қарағанды қаласында өткен «Ғылым және оның қазіргі әлемдегі ролі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан А.Жетпісбекова, Л.Оспанова, Ш.Серікбаева, Э.Мұхамедина, А.Қомарова сынды оқытушылардың ғылыми мақалалары жоғары бағаланып, мадақтама, Алғыс хаттармен марапатталып, жұмыстары ғылыми жинаққа енді.

Студенттерді мәдениетке баулу, іргелі білім беру, ғылымда ізденіске үйрету - колледж оқытушыларының басты мақсаты. Қарағанды «Болашақ» университеті ұйымдастырумен өткен «Жастар және қазіргі замандағы әлемдік мәселелер» тақырыбындағы республикалық студенттер, магистранттар, доктаранттардың ғылыми-практикалық конференциясына жіберілген бес студенттің жұмысының оң нәтиже беруі осы мақсаттарды жүзеге асыруда жасалып жатқан іс-әрекеттердің жемісі.

Жас өркеннің рухани болмысы мен азаматтық бейнесін қалыптастыруда халықтық педагогиканың орнын таныту, ұлттық мәдениеттен қол үзбей отырып, өнер-білім машықтарын, білім арқылы халықтық тәлім-тәрбиені меңгерту, халықтың бай тарихи тәжірибесіне сүйеніп, келер ұрпақты еңбекке, кәсіпке үйрету, әлемдік білім кеңістігінде елдің намысын жоғары қоя білуге баулу – колледждің оқу-тәрбие ісінің басты талаптарының бірі.

Жаһандану өріс алған қазіргі кезде ұлттық мүдде, ұлттық тәрбие, ұлттық рухты сақтап қалу – бүкіл әлемдік рухани бірегейленудің асау иіріміндегі үлкен міндет. Осы міндетті басты ұстаным етіп отырған колледждің тәрбие жүйесі біршама нәтижелі жұмыстардың ұйытқысы болды. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, өнерді бағалай білу мақсатында колледж бен қалалық мәдени орындарының, білім беру мекемелерімен өзара байланыс орнатылған.

Колледж қабырғасынан құрылған «Шабыт» әдеби-мәдени бірлестігі, колледж ұжымы мен студенттері үшін ғана емес, жалпы өнер мен мәдениетке жанашыр барша жұртшылық үшін өнер ордасына айналуда. Республикалық «Шабыт» феситвалінің жүлдегері, ақын Серік Сағынтай мен республикалық, облыстық жыр мүшайраларының жеңімпазы Бағдат Мүбаракпен өткен кездесу кеші жас таланттардың жігерін жанып, қазақ поэзиясының құдіретін асқақтатса, «Сиқыры бөлек сырлы әлем...» атты Зинаида Чумакованың шығармашылығына арналған кеш студентерді ғана емес, қала зиялыларының біразын тамсандырған, таңқалдырған дүбірі бөлек дүние екеніне көз жеткіздік.

Студент жастардың отансүйгіштік сезімін, олардың адамгершілік және рухани дамуын қалыптастыру, олардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін жүзеге асыру үшін жағдай жасау, жастардың қоғамдық белсенділігін қолдау мен дамыту, студент жастарды халықаралық, мәдени, ғылыми және басқа да үдерістерге тарту - алға қойып отырған міндеттеріміздің бірі. Балалар үйінен келген үш студенттің жеңілдікпен білім алуларына мүмкіндік жасалса, білім мен өнер биігінен көрінген студенттер /Ұ.Көшербай, А.Алданазарова, Д.Қуантай, Д.Ташенов, А.Кенжеева / оқу төлемақысының 15 пайыздық жеңілдігіне ие болып отыр.

Қазақстанның келешек өркениет көшінен қандай орын алатыны бүгінгі жас ұрпақтың құзіреттілігі, білімділігі, тәрбиелігіне байланысты. Осы бағытты мақсат еткен оқытушыларымыз жаңашылдықпен, шығармашылықпен еңбек етуді басты назарда ұстайды.

Колледж директоры С.С.Жумкинаның бастамасымен Жезқазған өңіріндегі қала мектептерінің түлектері арасында білімді жас дарынды анықтау арқылы Білім грантын тағайындау мақсатында еліміздегі инновациялық даму жолына бағытталған «Интеллектуалды ұлт -2020» жобасы аясында «Интеллектуалды ұлт болашағы» тақырыбында байқау жарияланған болатын. Байқаудың негізгі шарты - «Ұлытау – Жезқазған аймағындағы әлеуметтік – экономикалық инфрақұрылымның интеграциялану мүмкіндіктері» тақырыбында ғылыми жоба қорғау. Бұл игі шара «Нұр Отан» ХДП-сы Сәтбаев қалалық филиалының қолдауымен Сәтбаев қаласының № 16 орта мектебінде өтті. Байқауға бес команда қатысты. Ғылым мен еңбек, қиял мен шығармашылық тоғысқанда таланттың дамуына мүмкіндік өлшеусіз мол болмақ. Осы тұрғыдан алғанда, байқауға қатысқан әр оқушының өмірлік құзіреттіліктерін қалыптастырудағы даму дағдысы жетіле түсті деуге болады.

Байқау қорытындысы бойынша құрылтайшысы тағайындаған 3 білім гранты мен 50 пайыздық жеңілдікке Сәтбаев, Кеңгір мектептерінің оқушылары ие болды.

Қоғам дамуы мамандық иелерінен жоғары кәсіби біліктілікті, коммуникативтік қабілетті, еңбек етуге деген сүйіспеншілікті, қызығушылықты, өз мамандығы бойынша біліктілігін арттыруға даяр болатын мамандық иесін талап етеді десек, бұл байқаудың осы талапты орындаудың алғы шарты ретінде маңызы зор. Және де бұл байқаудың ең ұтымды жері - мектептер мен кәсіптік білім беретін оқу орындарының арасында тығыз байланыстың орнауы. Өйткені бұл байланыс мектеп оқушыларының кәсіптік білім туралы кеңірек түсінік алуына, болашақ маман ретінде таңдаған мамандығы туралы толық ақпараттануына мүмкіндік береді. Осы тұрғыда байқауға қатысқан оқушылар өздерінің бойындағы бар мүмкіндіктерін байқатты.

Келесі оқу жылына қызу дайындықты бастап та кеттік. Жаңа оқу жылында колледждің материалдық базасы жаңа оқу ғимаратымен, спорттық кешенмен, оқу залымен қамтылған кітапхана, компьютерлік кабинеттермен толықпақ. Сондай-ақ колледждің бас ғимаратын сәулеттендіру, абаттандыру жұмыстары да жүргізілуде. Ендеше биылғы оқу жылында арман қуып, тілек білдірген мектеп түлектерін кәсіптік білім талаптарына орай жабдықталған оқу ғимаратымызда қарсы аламыз.

Әл- Фараби: «Әрекетіміз дұрыс болу үшін біздің соған баратын жолымыз қандай болу керек екенін анықтап алуға тиіспіз» - деген екен. Ендеше, талапты жастарымыз білім жинап, өздеріне қажетті кәсіпті игеріп өсіп-өнсе, еліміздің гүлденуіне бел шеше кіріссе ұтарымыз көп екендігі айқын. Біздің оқу орнын бітірген жастар тек көлік- коммуникация кешенінде ғана емес, өнеркәсіптің басқа салаларында да сұранысқа ие, және қажетті болып саналады. Олар бизнес әлемінде, тасымалдауларды ұйымдастыру мәселелерін шешуде өз үлестерін қоса алады. Біздің барлық жұмысымыз студенттердің жағдайын жасауға бағытталған. Жастар – біздің болашағымыз. Ал болашағымыз жарқын болсын десек, тәрбиенің негізін жас өркеннің рухани болмысы мен азаматтық бейнесін қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн.

Білім жүйесін жаңғыртуда сапалы кәсіптік білім беру мәселелері

Халқына деген ерекше қамқорлық сезімге толы, оның бүгіні мен келешегіне қатысты келелі мәселелерді талқылай отырып ұсынған мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамалық үн жариясы көпшіліктің көңілінен шығып, әлеуметтік селқостық самалы есе бастаған елімізді бір дүр сілкіндіргендей болды. Қоғамның сұранысын дөп баса білген аталмыш бағдарлама жаңғырту саясатының негізі – шынайы өндірістік еңбек ретінде - ең шешуші ұлттық фактор екенін растады.

Ұлт көшбасшысының үндеуінде бүкіл жаңғырту үдерісі табысының басты факторларының бірі ретінде білім берудің ұлттық жүйесін жаңалау ұсынылған. Осы сала бойынша сыни талдау жасалып, күрделі мәселелерді шешудің негізгі жолдары айқындалды. Қордаланған мәселелердің бастысы – бүгінгі білім алып жатқан еліміздің ертеңгі болашағы – жас ұрпаққа байланысты екені де сөзсіз. Болашақ ел тізгінін ұстап, өміршең бастамаларды іске асырушы негізгі күш жастар екені де баршаға мәлім.

Елбасы өз тұжырымдамасында жастардан отансүйгіштікті, өз ісіне деген адалдықты, жұмысшы мамандықтарын игеріп, шынайы еңбектің қадір-қасиетін түсінетіндей сапалы маман болуға талпынуды күтетінін айтқан. Себебі, кез келген елдің дамуы еңбекке жұмыла білген жастардың қолында.

Бүгінде жоғары немесе арнайы кәсіптік техникалық оқу орындарын бітірген жастарымыздың біразы еңбек өміріне икемсізденіп, сапасы жағынан да төмендей бастағаны шындық. Мұның басты себептерінің бірі – оқу үдерісі мен өндіріс нысандарының ортақ мүддеде тығыз іскери байланыспай, алшақтауында екені де рас. Аталмыш құжатта осы өзекті мәселелерге баса назар аударған: теориялық білімді жүйелі тәжірибемен бекіте отыру Елбасы тапсырмаларынан айқын көрініс тапқан. Атап айтқанда, бағдарламада әлеуметтік әріптестікті белсенді дамыту, осыған байланысты ортақ жауапкершілік қағидатын ұстана отырып, мемлекеттің жеке сектор мен кәсіби бірлестіктердің әріптестік механизмдері болатын әлеуметтік еңбек қарым-қатынасының тиімді моделін құру, оның ішінде дуальды кәсіби білім беруді дамыту маңыздылығы көрсетілген.

Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам аясында Жезқазған Бизнес және көлік колледжі ұжымы да өзінің кешенді шаралар жоспарын құрып, іске асыру стратегиялық тетіктерін қарастыруда жоғарыда айтылған жастардың тәжірибеге бағытталған кәсіптік сапалы білім алуын жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасап, іс-шаралар атқаруда. Колледж бен ірі кәсіпорындар арасында екі жақты тиімді байланыстар орнатылып, білім алушы жастарымыздың теориялық білімін кәсіптік технологиялық іс-тәжірибелерімен ұштастыру бағытында 14 кәсіпорын және мекемелермен 3 жылдық мерзімге келісім-шарттар жасалынып іске асырылуда. Қараша айында Қарағанды облысы көлемінде теміржол саласындағы бірден-бір өндіріс орны «ТОО Промтранс менеджмент», «АО НК КТОНТ», Жезқазған, Жәйрем, Жаңаарқа стансасы басшыларымен кездесу ұйымдастырылып нәтижелі аяқталды. Колледждің оқу полигонына Қарағанды теміржол кітапханасынан арнайы мамандықтарға арналған 168 дана оқу әдебиеттері алынып, оқу-әдістемелік қорымыз толықтырылды. Алдағы уақытта оқу іс-тәжірибелік зертханамызға көрнекілік, қосалқы бөлшектер, макеттерге сұраныс жасалынды. Автомобиль көлік жөндеу ісіне байланысты Қарағанды облысының ірі автокөлік өндірістік орны «АО КМ Лоджистик» басшыларымен келісімдер жасалынып, іскери қатынастар орнатылды. «Радиоэлектроника және байланыс» мамандығына студенттерді іс-тәжірибеден өткізу Қазақмыс коорпорациясы, Қазтелеком, қалалық телекоммуникация орталықтарымен әріптестік негізінде іске асырылуда. Жоғарыда аталған нысандарда студенттеріміз іс-тәжірибеден өтуде. Әлеуметтік әріптестеріміз арқылы алдағы уақытта колледж бітіруші түлектерімізді жұмысқа орналастыру шаралары да көзделуде.

Жезқазған қаласы Білім бөлімімен әріптестік негізінде мектеп оқушыларын колледжде дайындайтын мамандықтар бойынша кәсіби бағдарлау мақсатында өткен оқу жылынан бастап 15 мектеппен 3-жақты тиімді келісім-шарт орнатылды. Ауыл балаларын сұраныстарға ие кәсіпке тарту мақсатында №6 Талап орта мектебімен жасалған келісім-шарт негізінде мектептің оқу жоспарының таңдау бөлігіне колледж мамандары оқытатын «Кәсіптану» арнайы таңдау курсы енгізіліп, биылғы оқу жылынан бастап оқытылатын болады. Мектептермен бірлесіп жоспарланған түрлі спорттық сайыстар, тәрбиелік іс-шаралары оқу-әдістемелік семинарлар жастар тәрбиесін жетілдіре отырып, түрлі деңгейдегі білім беру ошақтарының бірлескен іс-әрекеттерінің арқасында жастардың білімі мен тәрбиесіндегі сабақтастық принциптері негізінде өзінің оң жемістерін береді дегенге сенімдеміз.

Сонымен қатар, болашақ мамандарды сапалы дайындаудың инновациялық тиімді әдістерінің бірі - жоғарыда аталған дуальды оқыту жүйесі біздің колледжде үстіміздегі оқу жылынан бастап сынақталмақшы. Осыған байланысты тұрмысқа аса қажет мамандықтардың бірі «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу» мамандығының «Модельер-құрастырушы» және «Техник-технолог» біліктілігі бойынша дуальды оқыту жүйесі іске асырылмақшы. Осы бағытта әлеуметтік әріптесіміз LTD «Ютария» кәсіпорнымен меморандум жасалынды. Кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың тиімді әдістерінің бірі – дуальды оқытудың ерекшелігі сол, кәсіптік оқыту үдерісінің басым бөлігі оқу орнында емес кәсіпорында өтеді. Жаңаша оқытуға негізделген бұл инновациялық жүйенің өз жемістері болатынына сенімдіміз.

Білім сапасы оқытушы деңгейіне тікелей байланысты екенін ескере отырып колледжде оларды әлеуметтік қорғаудың жақсы дәстүрлері қалыптасуда. «Педагогтардың үздіксіз білім жүйесі» инновациялық жобасы шеңберінде рейтинг жүйесі енгізілген. Рейтинг нәтижелері жыл қорытындысымен 11 номинация бойынша анықталды. Жарыс жеңімпаздарына сыйақылар мен көтерме ақы төлеу арқылы материалдық қолдау көрсетілді. Қазақ Қатынас Жолдары университетімен әріптестік негізінде сол оқу орнынан келісім-шартпен қызмет ететін мамандар дәріс беруге шақырылды. Биылғы оқу жылында 3 маман келіп келісім-шартқа отырды, Оның екеуі - ғылым кандидаттары, біреуі - магистр. Үздік және тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан студенттерге, шалғай ауылдардан оқуға келген талантты жастарға «Зиялы ұлт болашағы» инновациялық жоба шеңберінде әлеуметтік-материалдық қолдау көрсетілуде.

Білім берудің ұлттық жүйесін жаңғыртуда біздің Жезқазған Бизнес және көлік колледжі инновациялық режимде заман талабына сай шығармашылықпен еселі еңбек ете беретін болады.

Б.Қ. Алтынбеков,

Қазақ қатынас жолдары университетінің

Жезқазған қаласындағы қашықтан

оқыту орталығының директоры,

Жезқазған қалалық Мәслихатының

депутаты



112 просмотров0 комментариев

Недавние посты

Смотреть все

Commentaires

Les commentaires n'ont pas pu être chargés.
Il semble qu'un problème technique est survenu. Veuillez essayer de vous reconnecter ou d'actualiser la page.
bottom of page